Created: 19 Ақпан 2024
212

Бүгін 14 наурыз – Көрісу күні

Бүгін, 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе құдайы көршіге алдыңғы ретте кіріп шыққан жөн.

Көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың  құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп айту керек. Адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды. 

14 наурыз күні таң біліне бастағанда ешкім ұйықтап жатпауы керек. Әсіресе қарты бар үйлер ерте оянып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады.  Міндетті түрде әр үй дастарқанын толтырып, бар тәттісін қойып, бауырсақ, жеті шелпек пісіреді. Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды.  Бұл күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүру керек. Көрісуге келмеген адамға «Көрісіп шықпады» деп реніш білдіру орынды саналады. 

Ендеше, береке мен бірліктің мейрамы Көрісу күні құтты болсын! Бір жастарыңызбен!